Источник: www.informburo.kz

АҚШ қор биржасы неге құлдырады?

Бұл тақырыптың төңірегінде талдау жүргізуден бұрын оның Қазақстан экономикасына қаншалықты әсер ете алатынын анықтағанымыз жөн. АҚШ-тың экономикалық өсімінің бәсеңдеуі немесе қор биржасындағы құлдырау неге Қазақстан нарығына әсер етеді?

АҚШ – әлемдегі ашық экономикалық саясат жүргізіп жатқан елдердің бірі, яғни әлемнің экономикалық экожүйесінің бір бөлігі. Демек, тұрақсыздық алдымен елдің өзінің ішкі, кейіннен сыртқы нарыққа әсер етеді. Ал Қазақстан экономикалық саясатты толықтай ашық жүргізбегенімен, экожүйенің белгілі бір процестеріне тікелей қатысады және тәуелді. Сонымен қатар, халықаралық саудада қолданылатын АҚШ валютасының пайыздық мөлшерлемесінің өсуі мен құнсыздануы тікелей Қазақстан ұлттық валютасына әсер етеді.

Өткен жылдың соңында АҚШ қор биржасында соңғы 10 жылда болмаған құлдырау байқалды. Бұл нарықтағы құнды қағаздарға сұраныстың азаюынан еді. Сонымен 2018 жылдың соңғы аптасында америкалық инвесторлардың қор нарығынан уақытша кетуіне не түрткі болды?

Америкалық инвесторлар жыл соңындағы АҚШ нарығындағы құлдырау кесірінен $1 триллион жоғалтты

Америкалық инвесторлар жыл соңындағы АҚШ нарығындағы құлдырау кесірінен $1 триллион жоғалтты / Фото finance.yahoo.com сайтынан алынды

Қолданбалы экономика зерттеу орталығы (ҚЭЗО) директорының орынбасары Олжас Төлеуовтың ойынша, инвесторлар белсенділігінің төмендеуіне бірнеше себеп болған. Олар:

– Пайыздық мөлшерлеменің өсуі;
– АҚШ пен Қытай арасындағы соғыстың ушығуы;
– Соңғы дағдарыстан кейінгі әлем экономикасының тоқтаусыз өсуі.

– Өсім бар жерде, құлдырау да бар, – дейді Олжас.

Пайыздық мөлшерлеме не үшін көтерілді?

АҚШ доллары құнының тұрақты болуы тек америкалықтар үшін емес, бүкіл әлем үшін маңызды. Себебі халықаралық нарықтағы тауар алмасу (экспорт және импорт) барысында аталған валюта қолданылады. Ал, оның бағасы өссе – импортшыларға, құлдыраса – экспорт жасаушыларға қиындық тудырады.

Дағдарыс алды ел валютасының құнсыздануынан (инфляция) басталады. Ал, ұлттық валютаның құнсызданбауы үшін сол елдің Орталық банкі валютаның пайыздық мөлшерлемесін көтереді. Мысалы, 2014 жылы басталған мұнай дағдарысының әсерінен теңгені несиеге беру пайызы 14-ке дейін өсті. Ел экономикасының барометрі болғандықтан, валютаның пайыздық мөлшерлемесінің өсуі экономикалық өсімнің баяулағанын (рецессия) тіпті, тоқтап қалғанын білдіреді.

2008 жылы болған соңғы әлемдік дағдарысқа дейін АҚШ долларын несиеге беру минимум пайызы 5,25 деп бекітілді. Ал, дағдарыс лебі байқала бастаған соң, пайыздық мөлшерлеме аз уақытта 0,25-ға дейін төмендетілді. Нақтырақ айтсақ, АҚШ долларын сатып алу пайызы нөлге дейін түсірілді. Бұл валютаның құнсыздануына алып келгенімен, ел экономикасы қайта жанданды.

АҚШ кезекті рецессия қарсаңында (демек, әлем де)

Америкалық сарапшылар АҚШ Орталық банкінің (Федералды Резервтер жүйесі, The Fed) жетекшісі Джером Пауэллдің Трамп жарлығымен орнынан кетуі де АҚШ экономикасындағы рецессияның айқын көріне бастағанын білдіретінін айтады.

Экономист Олжас Төлеуов те мұнымен келісіп отыр. Оның ойынша, аз уақытта The Fed басшысының екі рет ауыстырылуы да (Джанет Йеллен – 2014, Джером Пауэлл – 2018) елдің қаржы саясатында тұрақсыздықтың алғашқы белгілерін білдіреді.

Дональд Трамп (оң жақта) өзі тағайындаған Джером Пауэлл (сол жақта) өзі орнынан алуды жөн көрді

Дональд Трамп (оң жақта) өзі тағайындаған Джером Пауэллді (сол жақта) орнынан алуды жөн көрді / Фото businessinsider.com сайтынан алынды

– Дональд Трамп әкімшілігін елдің экономикалық өсімінің баяулауы, яғни рецессия ойландырып отыр. Себебі экономикалық рецессияның әсерінен АҚШ-тың қазіргі президенті Дональд Трамптың беделі түсіп қалды. Енді 2020 жылы президенттік сайлауда екінші рет жеңе алмауы мүмкін. Сол себепті де The Fed басшысы екі рет ауыстырылды. Мысалы, Уолл стритте жұмыс істемеген, ең консервативті экономистердің бірі ретінде Джанет Йелленді ұсынылып еді. Ол – корпоративті секторды жақтаушы емес. Қаржыгер болғандықтан Джанет Йеллен рецессияның инфляциядан басталатынын жақсы біледі. Сол себепті де пайыздық мөлшерлемені бірқалыпты көтере беруді жөн санады. Трамптың ойынша, Джером Пауэлл рецессияны болдырмаудың амалын жасауы тиіс еді. Бірақ, ол да инфляцияның алдын алуға тырысып, Джанет Йелленнің алған бағытын жалғастырды. Ақыры бір жылға жетпей, орнынан кетті, – дейді Олжас.

Экономистің айтуынша, АҚШ президенті өз репутациясын ойлап отыр. Сондықтан, ол доллардың құнсыздануына бас ауыртып отырған жоқ. Ал, Орталық банктің міндеті дәл осы факторды қадағалау болып саналады. Сондықтан да Дональд Трамп пен The Fed басшысының ойлары бір жерден шықпауы белгілі.

Айта кетсек, The Fed басқарушылар кеңесі жылына 8 рет жиналып, экономикалық болжамды төрт рет жасайды. Олардың 2021 жылға дейінгі жоспары пайыздық мөлшерлемені 3 пайызға дейін көтеру еді. Ал елдің экономикалық жағдайы талап етсе, одан ары да өсуі мүмкін. Бірақ, бұл әзірге жоспарда көрсетілмеген.

Популистің өзіне ел экономикасынан гөрі өз абыройы маңыздырақ

АҚШ президенті Дональд Трамптың популист екені белгілі. Оның нақты экономикалық немесе саяси анализдерге сүйеніп емес, халықтың қалауына қарай кейде иррационалды шешімдерді қабылдайтынынан білеміз. Сол себепті де АҚШ президенті америкалықтардың орайында жүрген жұмыссыздық және иммиграция мәселелерін көтеру арқылы саяси сахнадағы өз абыройын сақтап қалуға тырысып жатыр. Бұл популиске доллардың құнсыздануы мен АҚШ-тың сыртқы саясаттағы беделінің төмендеуінен маңызды. Мысалы, Дональд Трамп америкалықтардың сеніміне тағы да кіру үшін жақында Ирактағы АҚШ әскерін қайтару туралы шешім қабылдады.

– Осыған дейін рационалды ойлайтын, жоғары білімі бар Джордж Буш және Барак Обама сынды саясаткерлер АҚШ-ты басқарған болса, елдің соңғы президенті Трамптың өз саясатынан толығымен ауытқығанын байқаймыз, – дейді Олжас Төлеуов.

Экономистің айтуынша, Дональд Трамп The Fed басқаруға АҚШ валютасына бекітілетін пайыздық мөлшерлемені төмендетіп, экономикалық рецессияны бәсеңдететін маман қоюды мақсат еткен. Ол осылай сайлауға дейін абыройын сақтауға тырыспақ.

Өткен аптада теңге неге құлдырады?

Өткен жылдың соңғы аптасында теңгенің АҚШ долларына шаққандағы құнының өсуі байқалды. Айта кетсек, теңгенің құны бір аптада 370-тен 384-ке дейін өсті. Бұл – әзірге мұнай дағдарысы (2014 жылдың қарашасынан) басталғаннан бері ең жоғары көрсеткіш.

ҚР Ұлттық экономика министрі Тимур Сулейменовтың ойынша, теңгенің құлдырауы АҚШ долларының пайыздық мөлшерлемесінің 19 желтоқсандағы өсуіне (2,25-тен 2,5 пайызға) байланысты болған. Одан бөлек, The Fed басшысы Джером Пауэлдің орнынан уақытынан ерте кетуі америкалық инвесторлардың қор нарығынан алыстауына, көбірек алтын сатып алуына түрткі болды.

– The Fed және Ақ үй басшысының шешімі АҚШ қор нарығындағы S&P, Dow Jones және NASDAQ индекстері мен мұнай бағасының күрт төмендеуіне алып келді. Мысалы, өткен жылдың қыркүйек айында мұнай бағасы 87 АҚШ долларына дейін жетті. Сол кезде сарапшылар жыл соңына дейін мұнайды $100-дан сатылатынын болжап еді. Ал баға керісінше 49.63 АҚШ долларына шейін төмендеп кетті. Бұл да теңгенің құлдырауына әсер етті, – дейді Олжас.

2019 жылдың алғашқы сауда күндерінде АҚШ доллары құнын 5 теңгеге жоғалтып, теңгенің америкалық валютаға шаққандағы бағасы 378-ке жетті. Ал, екінші аптаның басында мұнай бағасы 58 АҚШ долларына дейін өсті. Бұл доллардың 373-375 теңгеге дейін өсуіне негіз болады.

Қазақстан ұлттық валютасының АҚШ долларына шаққандағы құны 400 теңгеге жуықтады

Қазақстан ұлттық валютасының АҚШ долларына шаққандағы құны 400 теңгеге жуықтады / Фото in-trend.biz сайтынан алынды

Экономист Олжас Төлеуовтың айтуынша, 2019 жылдың алғашқы екі күнде жүргізілген сауда барысында теңге құны нарықтағы жасанды жолмен көтерілген бағаның қайта қалпына келу есебінен өсті. Ал, оның ішкі және сыртқы факторларға орай өсуі осы аптаның басында байқалды.

2019 жылы әлемдік дағдарыс бола ма?

Әлемнің беделді басылымдары мен танымал сарапшылар 2018 жылдың қорытындылау барысында келесі жылы кезекті дағдарыс болуы мүмкін дейді. Олардың басым бөлігі АҚШ экономикасының шектен тыс жоғары бағалануы мен қор нарықтарындағы құнды қағаз бағалары мен корпорациялардың капитализациясының жасанды жолмен өсірілуі әлемдік дағдарысқа алып келуі мүмкін екенін айтады.

– Apple – нарықтағы капитализациясы триллион АҚШ долларына жеткен ең алғашқы компания болғанымен, оның мүмкіндіктерінің тым жоғары бағаланғаны белгілі болып отыр. Мысалы, компанияның табысы артатындай әлемде iPhone смартфондарын қолданатындар саны көбейген жоқ. Тек, ескі смартфонын жаңасына айырбастағандар бар. Бұл – компанияның беделінің өсуі немесе жарнама агенттіктері еңбегінің нәтижесі. Ал, шын мәнінде Apple өнімдерін сатып алатын жаңа нарық ашылған жоқ, – дейді Олжас Төлеуов.

Apple табысының үштен екі бөлігі iPhone саудасынан келеді

Apple табысының үштен екі бөлігі iPhone саудасынан келеді / Фото bloomberg.com сайтынан алынды

ҚЭЗО маманының айтуынша, осыдан бірнеше күн бұрын АҚШ билігі Қытаймен сауда келіссөздерін жақсартуға байланысты кездесу ұйымдастырылып жатқаны белгілі болды. Бұл келіссөздің құрылтайшысы АҚШ болып отыр. Себебі оған америкалықтар көбірек мүдделі.

– Дағдарыстың салдары 2020 жылы байқалуы тиіс. Оның тек алғашқы белгілері көріне бастайды. Әлем экономикасының, әсіресе, АҚШ қор нарығының жасанды жолмен көтерілуі қатты құлауға жақындатады. 2008 жылғы ипотека нарығының дағдарысы алғашқы белгілері де 2006 жылдан көріне бастағаны белгілі, – дейді Олжас.

Олжастың ойынша, кезекті қаржы дағдарысы Қытай экономикасымен тікелей байланысты болмақ. Сонымен қатар, Брексит нәтижесі мен дамыған елдердегі ипотека нарығының шамадан тыс өсуі де өз ықпалын тигізеді.

Кезекті дағдарыстың кейпі қандай?

Дональд Трамп АҚШ президенті қызметіне дейін мемлекеттік мекемеден істеп көрмеген. Оның билікке келуінен бастап өзге де елдерде популистердің билік басына шығуы айқын көріне бастады. Соңғы екі жылда халықтың мүддесін қорғап Франция билігіне жеке кәсіпкер Макрон шықса, Италия мен Аустрия елдерінде де популистер ел мүддесін қорғай бастады. Одан бөлек, саяси сахнада беделі бар әрі көпжылдық тәжірибеге ие Ангела Меркель де неміс үкіметінің басшылығынан кетпек. Мұның бәрі диверсификацияланған экономиканың бірқалыпты дамуына белгілі бір деңгейде кесірін тигізері анық. Себебі популистер нақты экономикалық мәселелерді зерттеп, сандармен емес, ел ішіндегі мәселелерді маркетингтік тәсілдермен көтеру арқылы өз абыройын асыруды көздейді.

АҚШ долларына қарсы тек бір ғана валюта құнын жоғалтпады. Ол - жапон иені

АҚШ долларына қарсы тек бір ғана валюта құнын жоғалтпады. Ол – жапон иені / Фото bloomberg.com сайтынан алынды

– Кезекті дағдарыс жаңа электоралды циклмен тікелей байланысты. Билікке саясаткерлер немесе экономистер емес, популистердің келуі экономикалық өсімнің баяулап, дағдарысқа дейін жетуіне себепкер болады, – дейді Олжас.

Қазақстан дағдарысқа төтеп бере ала ма?

Дағдарыс айтып келмейді. Ал, оны дер кезінде болжау кез келген экономистің немесе қаржыгердің қолынан келе бермейді. Белгілі жапон экономисі Такатоши Ито дағдарысты жер сілкінісін болжаудан қиын екенін айтқан болатын. Әдетте сейсмологтар жер сілкінісінің болуын небәрі 10-15 минут қалғанда ғана анықтай алады. Экономикалық дағдарыстың болу мүмкіндігі де солай.

– Қазақстан үкіметі 2008 жылғы дағдарыстан ұлттық қор қаржысын дұрыс пайдалану арқылы еш қиындықсыз шықты. Егер сол саясатын кезекті дүмпуден сақтай алса, көп күш жоғалтпай төтеп берері анық, – дейді экономист Олжас Төлеуов.

Мұнай дағдарысы экспортының 80 пайызын мұнай мен табиғи газ құрайтын Қазақстан үшін үлкен соққы болды. 2015 жылдың тамыз айынан Қазақстан валютасы 230 пайызға дейін құлдырап, үкімет қаржыландыратын бірқатар компаниялар жабылып та қалды. Экспорттан түсетін табыс Қазақстанның өз шығынын жаппай қалғандықтан, қордан 20 миллиард АҚШ доллары жұмсалды. Осыдан бір жыл бұрын Қазақстан Ұлттық қорында $58,3 миллиард болған. Ал қазіргі мөлшері ашық интернет бетінде көрсетілмеген.